Отандық анимация тағы бір тың туындымен толықты. 5-ші маусымнан бастап «Алтын
адам» анимациялық фильмі еліміздің үлкен экрандарында көрсетіледі. Толық метрлі
туындыда «Мәңгілік отты» іздеп Хан Тәңірі шыңына аттанған сақ жауынгерінің
бастан кешкен шытырман оқиғалары баяндалады. Жол бойы ол сан түрлі сынақтан өтіп,
Ұлы далаға төнген зұлымдықты жеңеді. Фильмде сақтардың тарихы, мәдениеті мен
жауынгерлік өнері әсерлі түрде бейнеленеді. Жас көрерменнің танымдық ой-өрісін
кеңейтуді көздейтін туындыдағы тарихи деректер түсінікті, жеңіл тілмен
берілген. Бас кейіпкер Анкыл өскелең ұрпаққа батылдық пен ерлік, адалдық пен
рухани күштің үлгісі іспеттес.
Тұрдыбек Майдан, «Алтын адам» анимациялық филімінің режиссері:
- Тарихымыздағы ең құнды жәдігер – ол алтын сауыт. Бізді әлем осы құнды
жәдігермен таниды. Сол жәдігер сауытты көрген кезде балалардың көкейінде сұрақ
туындайды, бұны қандай адам киді екен деген? Біз фильм арқылы осы сұраққа жауап
бергіміз келді. Алтын адам дегеніміз тек сырты ғана жылтыр емес, руханияты бай адам
ол алтын адам дегенді жасөспірімдерге айтқымыз келді.
Ұларбек Нұрғалымұлы, «Алтын адам» анимациялық филімінің сценарий авторы:
- Тәуелсіздік монументінде тұрған Алтын адамның бейнесінің өзі Алматыдағы,
оның өзінде де 4 жебе бар. Біз сол төрт жебенің сипатын, сол төрт жебенің
мән-мағынасын ашқымыз келді. Алғашқы үш жебесі ол – ерлік, әділдік парасат
болса, одан кейінгі бір жебені іздейді, ол ізгіліктің жебесі.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

