Қытайдың Сиань қаласында 13-ші Жаһандық медиафорум өтті. Ол әлемнің 40
елінен дипломаттарды, халықаралық ұйымдардың, жетекші БАҚ және медиа
компаниялардың басшыларын жиды. Ауқымды шараға еліміздің сала өкілдері де
қатысты. Олардың арасында Қазақстан Президенті Телерадиокешенінің Jibek
Joly/Silk Way телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған да бар. Іс-шара
аясында Жаһандық Оңтүстік медиа серіктестері тетігі енгізілді. Жаңа тұғырнама
өзара ынтымақтастық аясын кеңейтуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, тәжірибе
алмасу мен оқыту жүйелерін құруға бағытталған. Мұндағы мақсат ғаламдық медиа
диалогты нығайтып, тең құқылы, көпқырлы тығыз байланыс орнату. Қатысушылар бағдарламаларды бірлесіп шығарумен қатар,
оларды кеңге насихаттау қажеттігін алға тартты. Сапалы контентпен алмасу үшін
Global South Media Nexus платформасы ұсынылады. Бұдан басқа, БАҚ өкілдері өз
қызметінде жасанды зейіннің озық шешімдерін барынша кәдеге жарату қажет деген
байламға келді. Ортақ пікірлері - бұл Жаһандық Оңтүстік елдерінің медиа саласының
технологиялық әлеуетін арттыруға тың серпін береді дегенге саяды.

