Ақордада Қазақстан мен Ресейдің екіжақты ынтымақтастығы талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинді қабылдады. Әңгімелесу барысында өзара стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қарым-қатынастың нығайып келе жатқаны атап өтілді. Сондай-ақ, тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру қарқын алғанына назар аударды. Ресей еліміздің негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі. Ресей Президентінің мамыр айына жоспарланған Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әзірлік жұмыстары аясында сан қырлы ынтымақтастық тағы да пысықталды. Өз кезегінде Михаил Мишустин көрсетілген сый-құрмет үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен және Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
– Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қалай дамып келе жатқаны өзіңізге мәлім. Қазірдің өзінде құны 25 миллиард долларға жуық 122 ірі жоба іске асырылды. Сауда көлемі 30 миллиард долларға жақындады. Бұл жақсы нәтиже деуге болады. Ресей біздің негізгі сауда-экономикалық, инвестициялық серіктесіміз саналады. Бұған әрине, қуаныштымыз.
Михаил Мишустин, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы:
– Орайлы сәтті пайдаланып, Сізге Владимир Владимирович Путиннің ыстық
ықыласын жеткізгім келеді. Бірер күн бұрын Президентпен екіжақты
қарым-қатынастың күн тәртібін, сондай-ақ биыл мамыр айына жоспарланған сапарына
әзірлік жұмыстарын егжей-тегжейлі талқыладық. Үкімет бұл сапардың да табысты
өтуіне барынша күш салады. Сіздің былтыр қараша айында Ресей Федерациясына
жасаған сапарыңыз барысында мемлекеттер басшылары қойған барлық міндетті екі ел
үкіметтері іске асырып жатыр.

