Қытай Қазақстанның аэроғарыш саласына қайтарымсыз гранттар бөледі. Қос тарап осының қамында ынтымақтастық меморандумын жасасты. Жаңа келісім аясында Аспан асты елі отандық ғарыш саласының технологияларын дамытуға 100 млн юань бөледі. Яғни, қаражат осы бағыттағы еліміздегі ғылыми-зерттеу институттарының инфрақұрылымын жаңғыртуға жұмсалады. Сонымен қатар, астрофизика мен ионосфера сынды аспан әлемін зерделейтін бірлескен жобалар қолға алынбақ.
Үкіметаралық ынтымақтастық білім мен өндірістік тәжірибе алмасуды да қамтиды. Салалық ведомства өкілдері гранттар байқау арқылы тағайындалатынын айтады.
Баубек Оралмағамбетов, ҚР ЦДИАӨМ аэроғарыш комитетінің төрағасы:
– Келісім бар. Нақты жобаларға келу үшін бізде бірнеше тізім бар. Ол тізім сол регламент бойынша іріктеуден өтуі керек. Біз алдымен өзімізге керек талаптарды орындаймыз. Кейін Қытай тарапымен бірге бірнеше жобаны іріктейміз сол тізімнің ішінен. Одан кейін Қытайдың өндірістік компанияларының, ғылыми компанияларының арасында байқау өтеді. Конкурсты кім ұтып алады грант арқылы, сол Қытай компаниялары өз білімдерін, технологияларын трансферт жасап бізге береді.