Қазақстанда энергетикалық сектор жаңғыртылуда. Бүгінде елімізде электр энергиясын генерациялау нысандарына онлайн-мониторинг енгізу ісі қарқын алды. Осының нәтижесінде техникалық деректер нақты уақыт режимінде 15 минут сайын жаңарып отырады. Бұған қоса, Ұлттық жоба аясында 4 жыл ішінде электр жабдықтаушы нысандарда 4 млн «ақылды» есепке алу құралын орнату жоспарланған. Салалық министрліктің есебінше, бұл шығындарды қысқарттып, шамамен 4 жылда 57 млрд теңгені үнемдеуге септеспек. Жалпы энергетика секторын цифрландыру жылыту маусымындағы апаттылық деңгейін 25% дейін төмендетеді. Бұл ретте EnergyTech отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік платформасы құрылуда. Мұнай өнімдері айналымын толық цифрландыру да көзделіп отыр. Бүгінгі таңда Oil Track жүйесінде 325 мұнай базасы тіркелген. Бұл мұнай, газ конденсаты, шикі газ және тауарлық газды есепке алудың ақпараттық жүйесі.
Бақытжан Ілияс, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Салалық шешімдер ұсына алатын ғаламдық және отандық
ІТ-компаниялардан АІ-альянс жасақталды. Отандық ІТ-саласын қолдау мақсатында
министрлік пен Астана Хаб резиденттері арасында 15-тен астам түрлі
меморандумдарға қол қойылды. Олар осы салаға арналған АІ шешімдерді сынақтан
өткізіп, қолданысқа енгізуге бағытталған. Биыл жасанды интеллект көмегімен
жұмыс істейтін екі жоба сынақтан сәтті өтті.

