Тамыз айында Атырау облысындағы интеграцияланған газ химия кешеніндегі өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде іске қосу-жолға қою жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталды. Бүгінде кәсіпорында технологиялық қондырғыларға пропан жеткізеді. Ал катализаторды реакторларға тиеу осы аптада жүзеге асады. Кәсіпорын толық іске қосылғанда, жылдық қуаты 500 мың тонна полипропилен өндіруге жетеді. Алғашқы кезеңде 11 түрлі өнім шығарылса, болашақта олардың санын 65-ке жеткізу көзделіп отыр.
Сәдуақас Мерәлиев, жоба кеңесшісі:
– 200 мың тонна полипропиленді игеру үшін 20-25 зауыт салуға болады. Құрылыс материалдары, автомобиль құрастыру, жеке тұрмыстық бұйымдар шығаруға болады. Сондай зауыттар салынса, онда біз Президенттің берген тапсырмасын орындадық деп ойлаймыз. Арнайы экономикалық аймақтың Үкіметтің шығарған заңы бойынша бірталай жеңілдіктері бар. Ол салық жөнінен жеңілдік бар, импорттық пошлинадан жеңілдік бар.
Қазақстанның тұңғыш газ химиялық кешені арнайы экономикалық аймақта 3,5 мың гектарды алып жатыр. Осы саладағы ең ірі жоба әлемдегі үздік ондыққа енуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, кәсіпорын экспортқа бағытталған сапалы өнім шығарып, еліміздің ішкі нарығындағы полимер өнімдеріне деген сұранысты толық қамтамасыз етеді.