Қытай инвестициясы: мүдде мен үде

Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 31 жыл толды. Осы уақытта екі ел арасындағы тату көршілік, өзара тиімді ынтамақтастық  сенімді әріптестікке айналып отыр. Қазақстан экономикасына инвестиция салушы негізгі 4  мемлекеттің тізімінде осы Халық Республикасы бар. Көрші ел Қазақстанның көлік инфрақұрылымы, сауда, қайта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, мұнай өнімдері  салаларына инвестиция салуда. Шымкентте  Қазақ-Қытай  бірлескен 3 кәсіпорны жұмыс істеп жатыр. Соның бірі - ферросиликомарганец  зауыты. Жобаның инвестициялық құны 7,8  млн. АҚШ доллары. Халықаралық стандартқа сай өнім шығаратын  кәсіпорын жергілікті 150 адамды жұмыспен қамтып ғана қоймай,  6 айда 50 млн. теңге  салық төлеген.  Өнімін әлемнің 7 еліне экспорттайды.

Фатун Чэнь, кәсіпорын директоры:

– Қазақстанға 2018 жылы келгенбіз. 2019 жылы зауытты соғып біттік. 2020 жылдан бастап зауыт жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемін екі есе ұлғайтуды  жоспарлап отырмыз.  Қазақстанға келіп инвестиция құю басқа елдерге қарағанда   өте тиімді. Біріншіден, Қытай қасымызда, керек затыңды алдырту оңай. Одан кейін Азия нарығы  тиіп тұр.

Жалпы, екі елдің экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай кеңейтуіне барлық мүмкіндік бар. Атап айтқанда географиялық жақындық, инвестициялық климат, салық заңнамасы, саяси тұрақтылық, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктері соған барынша жағдай жасап отыр.