Қазақстан ет
өнімдерінің жаңа нарықтарын игеруде. Былтыр жүргізілген келіссөздер нәтижесінде
16 ветеринариялық сертификат келісіліп, қол қойылды. Ауыл шаруашылығы
министрлігі бұл қадам отандық өнімді бірден 42 елге экспорттауға мүмкіндік
берді деп отыр. Олардың қатарында Еуропалық одақ, Ұлыбритания, Қытай, Иран, АҚШ
және Канада бар. Айта кетейік, 2024 жылы барлық ет түрінің экспорты 82 мың
тоннаны құрады. Ал, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 91
мың тоннадан асып, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңінен төрттен бір бөліке артты. Ең
жоғары өсім сиыр еті мен қой етінде. Оның басым бөлігі Өзбекстанға жөнелтіледі,
ал қой еті Парсы шығанағы елдеріне, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктері,
Катар және Сауд Арабиясына жіберіледі. Елде 2030 жылға қарай ет экспортының
көлемін екі есеге арттырып, 165 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.
Аманғали
Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Биыл әлемнің тағы 8 еліне экспорт ашылмақ. Қазіргі таңда Еуропамен жылқы еті бойынша келіссөз жүргізілуде. Қытай нарығына мал мен құс етін экспорттауды көздеп отырмыз, ал Пәкістанға өндірілетін барлық ет өнімін - сиыр, қой етін экспорттау жоспарымыз бар, Түркиямен де жұмыс істеп жатырмыз.
Салалық ведомство 2026 жылы экспорт
көлемін арттыруды фермерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау, қайта өңдеуді ұлғайту
және жаңа нарықтарға шығу есебінен жүзеге асырмақ. Сонымен қатар, салада
заманауи цифрлық технологиялар қолданылып, шығындар айтарлықтай азайған. Мәселен,
мал шаруашылығында таңбалы сырға мен смарт-мойынтақ пайдаланылады. Жасанды
интеллект жануарлардың жай-күйін бақылауға, аурудың алдын алып, мал жаюға көмек
тигізеді. Бұл мал басының өсуіне және шаруашылықтардың тұрақты дамуына тікелей
ықпал етеді.

