Қазақстандық QazVaс вакцинасы Қырғызстан Республикасында тіркелді. Куәлікті жергілікті Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанындағы дәрілік заттар және медициналық бұйымдар департаменті берді. Әзірге екпені қолдану мерзімі – 6 ай. Қырғызстан коронавирустық инфекцияға қарсы отандық вакцинаны тіркеген алғашқы мемлекет болды.
Отандық QazVac вакцинасы клиникалық зерттеулерінің 1-ші және 2-ші кезең нәтижелері THE LANCET еуропалық журналында жарияланған болатын. Басылым медицина және денсаулық сақтау саласындағы зерттеу жұмыстарының қорытындысын көпшілік назарына ұсынумен айналысады. Сондай-ақ қазақстандық екпені клиникалық зерттеудің бірінші фазасына былтыр қыркүйек айында 44 волонтер қатысқаннын айта кеткен жөн. Екінші кезеңіне өз еркімен 200 адам қатысқан болса, үшінші фазаға 3 мың волонтер атсалысты. Нәтижесінде вакцина тиімділігінің жоғары екені анықталды.