Денсаулық сақтау министрлігі орган трансплантациясынан кейін науқастарға берілетін дәрі-дәрмектің жеткізу мерзімін айтты. «Сандиммун неорал» атты емдік дәріні министрлік алдағы 10 күн ішінде сатып алуға уәде береді. Бұл туралы СҚ «Фармация» қызметі мәселелері жөніндегі жиын барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев хабарлады. Оның айтуынша, дәрі-дәрмекті жеткізу пациенттердің осы препаратқа деген қажеттілігін жарты жылға дейін жабуға мүмкіндік береді. Қазір еуропалық өндірушімен аталмыш дәрі-дәрмекті әрі қарай да сатып алу туралы тікелей келіссөздер жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін трансплантациядан өткен қазақстандықтар ағзаның донорлық органды қабылдамау қаупі барын мәлімдеген болатын. Науқастар Мемлекет басшысына ашық хат жазып, онда мәселені бүге-шүгесіне дейін айтып, тіпті іс жүргізу үшін арнайы комиссия құру туралы өтініштерін білдірген еді.
Сала өкілі науқастардың денсаулығына не өміріне қауіп төндіретін сирек кездесетін ауруларды диагностикалау және емдеу үшін қажетті орфандық препараттарды елге жеткізу мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелі бақылауында екенін атап өтті.
Жандос Бүркітбаев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Өкінішке қарай, бүкіл әлемде орфандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің толыққанды шешімі жоқ. Сондықтан біз бірқатар басқа нұсқаны, оның ішінде осы мәселені шешуде Ресейдің тәжірибесін қарастырудамыз. Менің сөзіме сенулеріңізді сұраймын. Біз Денсаулық сақтау министрлігінде бұл мәселеге бас қатырудамыз және оны шешу үшін жан-жақты талқылаудан өткен ұсыныс қана айтуға ниеттіміз.