Диваннан тұрып, жаттығуды бастаңыз! Салауатты өмір салты сарапшылары Қазақстан азаматтарына осындай үндеу тастады. Олардың айтуынша, сау адамдар коронавирусқа оңай төзеді. Сондай-ақ денеңізді жақсы күйде ұстау өте маңызды деп санайды. Ол үшін күш пен кардио жаттығуларын жасап қана қоймай, дұрыс тамақтану керек.
Ерлан Манатаев, Денсаулық елшісі:
- Ең бастысы дұрыс әрі пайдалы тамақтану керек. Оған бірінші кезекте көкөністер мен жемістер жатады. Әр тағамға күніне 500-600 грамм көкөніс пен жеміс қосу керек. Ақуыздардың жеткілікті мөлшерін тұтыну да маңызды. Олар негізінен мал мен өсімдіктектес өнімдерде кездеседі. Мысалы, жұмыртқа, сүт өнімдері, ет, тауық еті, сүзбе және басқа да өнімдер. Ал егер өсімдік ақуызы туралы айтатын болсақ, оған негізінен бұршақ өнімдері жатады. Яғни ноқат, үрмебұршақ және осы санатқа жататын басқа да өнімдер.
Функционалдық фитнес жаттықтырушысының айтуынша, жаттығу әдетін қалыптастырып, дене төзімділігін дамыту үшін алдымен адам өзіне ұнайтын нәрседен бастауы керек. Ол жаяу жүру, би, футбол немесе баскетбол болуы мүмкін. Егер сіз коронавирус инфекциясын жұқтырған болсаңыз, Ерлан Манатаев өз тәжірибесіне сүйеніп, келесі ережелерді ұстануға кеңес береді.
Ерлан Манатаев, Денсаулық елшісі:
- Ауыр емес тағамдар, сұйықтық көп ішу. Ұннан жасалған өнімдер мен тәттіні азайту керек. Көбірек сорпа ішіп, ауруды осылай жеңіл өткердім. Бұл уақытта өзіңізді жұмыспен қатты жүктемеңіз. Жеті күннен кейін мен өзімді тексере бастадым. Отырып-тұру жаттығуын жасаңыз. Әрине, басында оңай болған жоқ. Бірақ жазыла келе жеңіл бола түсті.
Сондай-ақ жеке гигиена туралы да ұмытпаңыз. Қолды жуу, қашықтықты сақтау және бетперде тағу – коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары. Бұл сіздің денеңіздің сау болуына көмектеседі.
Авторы: Гүлбану Тәжібек