Биыл жазда Қазақстанда қолданыстағы Парламентті бір
палаталы Құрылтай алмастырады. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі екі палатаның
бірлескен отырысында депутаттар бірқатар Конституциялық заң жобаларын, соның
ішінде Құрылтай туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа заң шығарушы
орган пропорционалды жүйе бойынша 5 жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан
тұрады. Парламентарийлер атап өткендей, Қазақстанның бір палаталы Құрылтайында
заң жобалары анағұрлым егжей-тегжейлі қаралады, міндетті үшінші оқылым тетігі
қарастырылған. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева биылғы саяси маусым
аяқталғанға дейін цифрландыру, жол қауіпсіздігі, дербес деректерді қорғау және
киберқауіпсіздік туралы заңдарға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз шілде айында Цифрлық кодекстің күшіне енуіне
байланысты бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгіземіз. Бұл құжат барлық
цифрлық құқық пен цифрлық реттеудің түп негізі болмақ. Оған қоса, Президенттің
киберқауіпсіздікті күшейту жөніндегі жарлығын орындау үшін аса маңызды цифрлық
нысандардың құзыреттері қайта бөлініп, жауапкершілік аясы нақтыланады.
Депутат Еркін Әбілдің пікірінше, Құрылтайға көшу
Қазақстанның саяси жүйесінің терең өзгеруін білдіреді. Осылайша, заңнамалық
жұмыстың жүйесі ғана емес, атқарушы биліктің құрылымы да өзгермек.. Әңгіме
мемлекеттік институттар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері туралы
болып отыр.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз қазір Салық кодексіне өзгерістер енгіздік. Бізде өзге
де бірқатар заң жобалары бар, бірнеше ратификациялар кезекте тұр, оларды қарастырып
үлгеруіміз керек. Атқарушы биліктің құрылымы өзгереді, елде вице-президент
пайда болады. Сәйкесінше, менің ойымша, Құрылтайдың алғашқы шешімдерінің бірі
вице-президенттік лауазымға ұсынылған кандидатурамен келісу немесе келіспеу туралы
болады.

