Үкімет пен Бас прокуратура Қазақстандағы бірқатар ЖЭО-ын мемлекет меншігіне қайтару бойынша алдын ала жұмыс жүргізіп жатыр. Аталмыш мәселе 24 қарашада экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысында қаралған. Бұл туралы Премьер-министр кз сайты хабарлады. Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазір елімізде барлығы 37 жылу электр орталығы бар. Алайда оның 10-ы ғана мемлекет меншігінде. Бесеуіне квазимемлекеттік сектор иелік етіп отырса, 22 жылу электр орталығы жекеменшік қолына өтіп кеткен. Мемлекеттік жылу орталықтары Астана, Шахтинск, Арқалық, Тараз, Семей, Қостанай, Орал, Кентау, Қызылорда қалаларында, ал квазимемлекеттік сектор нысандарының үшеуі Алматыда, енді екеуі Ақтауда орналасқан. Айта кетейік, Екібастұз қаласындағы Төтенше жағдайдан кейін Мемлекет басшысы Үкіметке энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне тапсыруды және апатқа кінәлілерді анықтап, тиісті шара қолдануды тапсырған болатын.