Қазақ елінің спортшылары Токио Олимпиадасынан оралды. Жүлдегерлерді Алматы әуежайынан жұртшылық құшақ жая қарсы алды. Олардың арасында Софья Берульцева, Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қоңқабаев бар.
Естеріңізге сала кетейік, жапон жерінде өткен дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 8 қола медаль иеленген болатын.
Софья Берульцева, Олимпиаданың қола жүлдегері:
- Каратэ Олимпиадаға бірінші рет енген соң, қобалжуымыз да болды. Бірақ біз жақсы дайындалдық. Әрине, марқұм Жасталап аға осында болса, өте қатты қуанатын еді. Біз үшін, спорт үшін барын салды. Осы медаль сол кісіге арналады.
Сәкен Бибосынов, Олимпиаданың қола жүлдегері:
- Мақсатым Олимпиададан алтынмен елге оралу еді. Кішкене өкініш бар. Бірақ бұл – менің жеңісім. Бұл жеңіс үлкен спорттағы жеңісімнің баспалдағы деп білем. Әлі елімді талай жеңістермен қуантамын. Ол үшін бар күш-жігерімді салып, келесі жарыстарда қазақ елінің сенімін ақтауға талпынамын.
Қамшыбек Қоңқабаев, Олимпиаданың қола жүлдегері:
- Қуаныштымын. Еліміз жылы қарсы алып жатыр. Мұнымен тоқтап қалмай, әлі талай қуантамын деп сенемін. Жігіттер барын салды. Жанын салды десем болады. Бұйырғаны осы болды.