ҚР Премьер-Министрі IV пара Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесті

ҚР Премьер-Министрі IV пара Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесті

Премьер-министр Әлихан Смайылов мемлекет басшысының атынан Азия жазғы пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жеткен жетістіктерімен құттықтады. Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық спортшылар Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Сары Құрлық ойындарында 8 алтын, 12 күміс және 21 қола жүлде еншіледі. 131 отандық атлет 14 спорт түрі бойынша ел намысын қорғады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
– Сіздердің бойларыңыздағы жанқиярлық рух пен жеңіске деген құштарлық миллиондаған адамдарды өмірдегі қиындықтарды еңсеруге және табысқа жетелейді. Сіздердің керемет спорттық өнерлеріңіз адамның ерік-жігерінің шексіз екенін паш етті. Сіздердің әрқайсыларыңыздың өмір жолдарыңыз – өскелең ұрпақ үшін шеберліктің, батылдықтың, сондай-ақ табандылықтың үлгісі. Онсыз, әрине жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Жетістікке жету жолында паралимпиадашыларға қолдау көрсеткен тәлімгерлер мен жаттықтырушылар да ерекше құрметке лайық. Сіздер табысқа жету жолында талмай күрестіңіздер. Азия Пара ойындарындағы бүгінгі жеңістер — болашақ Паралимпиада жетістіктері үшін маңызды қадам.

Үкімет басшысы Президент атынан Азия пара ойындарында қанжығаларын майлаған спортшыларға және олардың бапкерлеріне алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар Президенттің алғыс хаты Қазақстан Паралимпиадалық дзюдо федерациясына берілді.