Алғаш рет 59-шы Венеция биенналесінде Қазақстан павильоны ашылмақ. Бұл беделді шара 21 сәуір мен 27 қараша аралығында өтеді. Халықаралық өнер көрмелерінің бірінде еліміздің атынан ORTA трансдисциплинарлық командасы қатысады. Олардың жобасы аты аңызға айналған алматылық суретші Сергей Калмыковтың идеяларына негізделген.
«Венеция биенналесіндегі ұлттық павильонымыз – қазақ өнер сахнасындағы көптен күткен оқиғалардың бірі. Бұл көрмені белгілі суретші Сергей Калмыковқа арнау туралы шешім қабылданды. Ол – көптеген суретшілерді шығармашылықпен шабыттандырған алғашқы суретші. Павильон қазақтың заманауи өнерін әлемде де, ел ішінде де қолдауға және көрсетуге арналған көптеген жобалардың біріне айналады деп сенемін», – деді Венеция биенналесіндегі Қазақстан павильонының комиссары Меруерт Қалиева.
Венеция биенналесі – екі жыл сайын Венецияда өтетін және жылына 550 мыңнан астам адам тамашалайтын ең беделді халықаралық өнер көрмелерінің бірі.