ҚР Оқу-ағарту министрлігі жартыжылдық жұмысын қорытындылады

Қазақстан мектептерінде интернет сапасы үш есе жақсартылды. Барлық білім ұяларының оқулықтары сандық үлгіге көшірілді және олар 11 тұғырнамада қолжетімді. Алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмысты қорытындылаған оқу-ағарту министрлігі осы және өзгеде тың деректермен бөлісті. Бейінді ведомствоның мәліметінше, цифрлық технологияларды ендірумен бірге білім беру жүйесін жетілдіру жалғасуда. Инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды. Мәселен, өткен 6 айда 27 мыңға жуық балабақша орны ашылды. Бұл – балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды 91,5% дейін ұлғайтуға ықпал етті. Жыл сайын бір мың ауыл мектебі жаңғыртылады. Олар роботты техника, химия, биология, физика және STEM-зертханалар бойынша заманауи пәндік кабинеттермен жабдықталады.

Мереке Нұрмұханова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі:


- Жыл сайын арнайы білім беру ұйымдарының желісі де артып келеді. Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесі 88% дейін артты, ал балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 80% жетті. Инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету үшін қосымша талаптар әзірленді. Әсіресе студенттерді жатақханамен қамту ерекше назарда. Бүгінде өңірлерде 2,6 мың төсек-орынға арналған 11 жаңа жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл студенттердің 85% астамын үй-жаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Оқу-ағарту министрлігінің қарамағында 22 мың білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 11,5 мыңнан астам балабақша, 8 мың мектеп және 700 колледж жұмыс істеп тұр. Білім алушылардың жалпы саны – 6 млн, ал педагогтар саны – 600 мыңға жуық.