Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері басқаратын Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылады. Ол қос ел ынтымақтастығының стратегиялық бағыттарын айқындап, ортақ мүдденің маңызды мәселелерін қарайды. Ел Сенаты тараптар арасында одақтастық қатынастар туралы шартты мақұлдады. Құжат аясында Халықаралық аренада өзара іс-әрекетті нығайтуға басымдық берілмек. Бұған қоса Трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану сынды экологияны бірге қорғау шаралары қарастырылған. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағы да назарсыз қалмады. Жалпы Жоғары деңгейдегі уағдаластыққа негізделген шарт әріптестік әлеуетін барынша кәдеге жаратуға бағытталған.
Алишер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Шартта саяси, әскери, сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық, азаматтық қорғаныс және энергетика салаларында ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Сонымен қатар бұл құжатты қабылдау арқылы екі мемлекеттің Парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы байланыстарды нығайту көзделген.
ТМД елдерінің мамандандырылған эпидемияға қарсы бригадалары құрылады
Сондай-ақ Сенат Қазақстанның ТМД елдерімен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған заңды мақұлдады. Бұл келісім достастыққа мүше мемлекеттердің биологиялық қатерлерге қарсы іс-қимылдың ұжымдық жүйесін дамытудың құқықтық негіздерін айқындайды. Яғни санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша өзара көмек тәртібін регламенттейді. Бұл ретте мамандандырылған эпидемияға қарсы бригадалар құру көзделіп отыр. Олар сұрау салушы елдің медициналық ұйымдарына консультативтік-әдістемелік әрі практикалық көмек көрсетеді.