Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдай жасау тетіктері ширай түседі. Ел Мәжілісі осыны көздейтін заңды қабылдады. Тараптар өзара құйған капиталды көтермелеу және қорғау бойынша келісті. Құжат инвесторларға құқықтық кепілдіктер беріп, тиісті жағдайды қамтамасыз етеді. Бұл ретте, халықаралық арбитражға қол жеткізу және шетелдік инвестицияларға әділ қарау сияқты маңызды тетіктерді бекітеді. Яғни, жаңа келісім екі жақты алыс-берісті ұлғайтуға тың серпін береді. Мәселен, былтыр өзара тауарайналым 1,7 млрд долларға жеткен. Сауда-саттық көрсеткіші 2023 жылдан бір жарым процентке жоғарылаған. 1,3 млрд доллары қазақстандық экспорттың үлесінде. Мұнда да өсім 10% жуықтаған.
Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Бұл біздің экономикалық қарым-қатынасымыздың тұрақтылығын байқатып отыр. Қазақстан Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың 9 айында Қырғызстаннан 4,8 млн доллар құрайтын тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың 9 айымен салыстырған 18% жоғары. Қазақстан инвесторларынан аталған көрші елге тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 2024 жылдың 9 айында 48 млн долларды құрады, бұл алдындағы көрсеткіштен 4,8% жоғары.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

