Қазақстан Азиялық инвесторлар үшін тартымды ел

Қазақстан Азия инвесторлары үшін аса тартымды. Сарапшылардың пікірінше, бұл ретте республикамыздың әлеуеті зор. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Бауыржан Әукен Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мүмкіндіктерін БОАО Форумында тізіп бергенін айтады. Президент жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуде отандық ауыл шаруашылығын пайдалануға ниетті екенін жеткізді.

Ел қойнауы әлемге қажет уран, литий мен титанға бай. Қазақстан халықаралық серіктестермен сирек кезігетін металдар игерумен қатар, шикізатты терең өңдеуге дайын. Жасыл технология, жасанды  интеллект салалары да қарқын алған. Еліміз инновациялық IT жобаларды сары құрлықтың жетекші технологиялық алпауыттарымен бірігіп жасауға мүдделі.  Бұл бағытта Қытай тарапымен келісімдер жасалуда.

Осы ретте айта кетерлігі, біз Аспан асты елінің Орталық Азиядағы негізгі экономикалық серіктесіне айналдық. Мәселен былтыр өзара алыс-беріс 41 млрд долларға жетіп, рекорд орнады. Өсім 22%. Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80% Қазақстан арқылы өтеді. Бұл транзитте Азия мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағытының үлесі басым. Ол да елге инвестиция тартудың бірегей көзі дейді, сарапшы. 

Бауыржан Әукен, ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:

– Мемлекет басшысы өзінің сапары барысында форумда «Орта дәлізді» дамытуға аса мән берді. Бұл Қазақстанның ғана емес, жалпы Орталық Азия елдерінің экономикасына, Орталық Азия өңірі халқының әл-ауқатын көтеруде үлкен мәнге ие мәселе болып табылады. Мәселен Мемлекет басшысы осы «Орта дәліз» арқылы 3 млн тонна жүк тасымалданғанына және бірнеше жылдар аралығында бұл көрсеткіш 10 млн тоннаға дейін жететіндігіне аса мән берді. Сонымен қатар Қазақстан «Солтүстік-Оңтүстік» бағытындағы дәлізді де тамытуға қызығушылық танытатынын атап өтті.