Қостанай облысындағы өрт елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, өнімнің болжанған көлеміне, сондай-ақ экспортқа кері әсерін тигізбейді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, ауылшаруашылық дақылдары бар егістіктердің азғантай учаскесі, яғни 0,1% зардап шеккен. Бұл ретте алқаптардың жаппай өртенуіне жол берілген жоқ, деп хабарлайды министрлік. Өңірдегі табиғи апат салдарынан Қарабалық ауданында 15 га дәнді және 2 га аумақта зығыр дақылдары өртенді. Меңдіқара ауданында 1 га астық жинау алқабы жойылған. Айта кетейік, биыл аймақтағы егіс алаңының 45%-тен астамы, яғни 1,8 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды.