Қазыналы қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен мәдениетін дәріптеу. Осының қамында ел астанасында «Jas Nomad» жобасы жүзеге асырылуда. Іс-шаралар кешені 4 бағытты қамтиды. Оның алғашқысы – онлайн сабақтар. Мал етін бөлшектеу, атаулары қонақ кәделері, ұлттық тағамдар, киімдер мен көне ойындар және төл аспаптарымыз жайында сыр шертетін бейне сабақтар әлеуметтік желілерде жүктеледі. Келесі кезең ұмыт болып бара жатқан ата кәсіптерді жаңғыртуға бағытталған. Оффлайн форматта қолөнер, қыш ыдыстар мен аспаптар жасау және тігу өнері киіз үй құрастыру бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Бұдан бөлек мәдениетіміз, тамыры терең тартқан салт-дәстүрлеріміз жайында түсірілген бейне роликтер байқауы жарияланады. Соңғы кезеңде ұлттық құндылықтарға деген жастардың көзқарасын анықтау мақсатында қазақ және орыс тілдерінде әлеуметтік желілер арқылы сауалнамалар жүргізу көзделген. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қолға алынған танымдық бастама жыл соңына дейін жалғасады.
Аян Ерментаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары:
- Осындай мүмкіндіктерді алу үшін жоба аясында өтетін шаралардың барлығы тегін ұйымдастырылатын болады. Сондықтан қызығушылық танытқан адамдар өте көп. Тек қана жастар емес, жасы үлкендер де ауылдағы өткен өмірлерін еске алу мақсатында келеді. Алдағы уақытта шамамен 2500-3000 қала тұрғыны мен қонақтарын осы жоба аясында қамтимыз деген ойдамыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов