Әркімнің көңілінен шығатын сыйлықтар! Әдеттегідей жылды тұйықтайтын соңғы ай белсенділікті талап етеді. Оған қоса қарбаласқа толы сәтте жаңажылдық сыйлықтар таңдау үшін уақыт табу қажет. Біреулер тек аса жақын адамдарына ғана базарлық әзірлесе, енді біреулері отбасы мүшелерінен бөлек дос-жаран, әріптестерін қуантуға тырысып бағады. Биыл қандай сыйлықтар берген жөн, қоғам арасында не өзекті?
Ең алдымен сыйлық алушының талғамын білген абзал. Қалауы белгісіз болған жағдайда, сұранысқа ие трендтердің көмегіне жүгінген дұрыс.
Сәндік қолданбалы тұрмыстық заттар – осы жылдың басты трендтерінің бірі. Асқар Қасымбеков бетоннан түрлі бұйым жасайды. Шебердің айтуынша, елордалықтар үй интерьеріне көп көңіл бөледі екен.
Асқар Қасымбеков, шебер:
- Көпшілік лофт стиліндегі заттарды таңдайды. Сондықтан да интерьерді айшықтайтын сұр түсті бұйымдарға тапсырыс көбірек түседі. «Тераццо» деп аталатын заманауи италиялық мәнердегі заттар бар. Мұндай әзірлемелер көптің қалауынан шығуда. Әзірше жұмысымды ұнатпаған адам жоқ.
Қазіргі талғампаз адамдарды қарапайым кәдесыймен таңғалдыра алмайсың. Сондықтан қазақстандықтар сыйлық таңдауда бірегейлік танытып креативке басымдық береді. Мәселен, кез келген сәтті есте қалдыру үшін суретті лезде басып шығаратын фотоаппарат сынды ерекше сыйлықтар көптің көңілінен шығары анық. Дегенмен адамдардың дені бастысы сыйлық емес, көңіл екенін алға тартады.
Ересектер кәдеге жарайтын материалдық мүлікті қаласа, балалар жағы өмірдегі ғажайыптарға сенеді, яғни Аяз атаға хат жазып, сыйлық күтеді. Ал олардың арманын орындайтын – ата-аналары. Ең бастысы Жаңа жыл мерекесіндегі ең ғажап сыйлық – адамдардың шынайы көңілі мен қамқорлығы, шын жүректен айтатын тілегі екенін ұмытпайық.