Қазақстандық мамандар жойылмайтын жол жолағын жасады. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, бұл технология еліміздің шұғыл континенттік климатына аса қажет. Себебі, ауа райының құбылмалылығы жиі жол деформациясына әкеліп соқтырып келді. Инновациялық бұл материал ылғалды ауа-райына қарамастан өзінің тұрақтылығын сақтайды. Сонымен қатар ауа температурасы суыған кезде серпімділігі мен икемділігінің арқасында жарылып кетпейді. Жаңадан жасалынған бұл материал өзінің баламаларына қарағанда бағасы, қалың заттар жолмен байланысқан кездегі тұрақтылығы жағынан әлдеқайда басым. Материалды жасап шығарған зерттеуші-мамандар осы жаңалық Қазақстандағы жол сапасы мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін едәуір жақсартатынына сенімді.
Мейрамгүл Қабдығалиева, Жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар департаментінің директоры:
– Өзінің баламаларына қарағанда біздің материал термо және гидротұрақтылығымен басым. Себебі серпімділігі мен икемділігі жоғары. Барлық зертханалық тексерістер жасалды қазір еліміздің Оңтүстік өңірлерінде алғашқы қолданыстардан өтіп жатыр. Алдағы уақытта Солтүстік өңірлерде де тексеріп көруді жоспарлап отырмыз. Толық зерттеуден өткеннен кейін және оның сапасы толық дәлелденген кезде Қазақстанда жол құрылысына арналған отандық өнім пайда болды деп ауыз толтырып айта аламыз.
Бұдан бөлек, институт мамандары климаттың жол сапасына әсерін назарға ала отырып, топырақты тұрақтандырғыш, битумды модификацияландырушы және бетонды қатайта түсетін езбе секілді материалдар жасап шығарды. Тағы бір айта кетер жайт, олардың барлығы отандық материалдардан жасалынған.