Биыл қарашаға дейін жер бетіндегі адамдар саны 8 млрд-тан асып түспек. Бұл туралы БҰҰ-ның жаңа баяндамасында айтылған. Халық санының өсуі, ең алдымен, дамушы елдердегі жоғары туу көрсеткішімен байланысты екені атап өтілді. Ал жалпы халық өсімінің жартысынан көбі сегіз елге тиесілі. Олар – Мысыр, Пәкістан, Конго Демократиялық Республикасы, Эфиопия, Нигерия, Филиппин, Танзания және Үндістан. Соңғы мемлекет келесі жылы Қытайды басып озбақ. Халықаралық ұйым сарапшыларының болжамы бойынша, жер шары халқының саны 2030 жылға қарай 8,5 млрд адамға, 2050 жылға қарай 10 млрд-қа жуықтап, 2100-ші жылы шамамен 10,5 млрд-қа жетеді.