Халықаралық бәсекедегі кезекті бас жүлдесі отандық анимация өндірісінің соңғы жылдары қарқынды түрде дамып келе жатқанының белгісі делінген еліміздің мәдениет және спорт министірлігі таратқан хабарламада.
Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Мәдениет және спорт министрлігі 2030 жылға дейін жалпы прокаттағы қазақстандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін жыл сайын кемінде 10 анимациялық жоба жасалатын болады. Өткен жылы елімізде алғаш рет «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Аталған ұйым отандық анимация мамандарының шеберлігін шыңдап, анимациялық жобаларды шығаруға қолдау көрсетеді.
«Бесік жыры» анимациялық фильмі өскелең ұрпаққа қазақ халықтың ежелгі наным-сенімдерімен танысуға мүмкіндік береді. Оқиға желісі баласы ауырып қалған жас отбасының айналасында өрбиді. Бақсы қара күштердің кесірінен сәбиді сырқатынан айықтыра алмайды. Үмітін үзбеген ана кішкентайының дертіне дауа іздеп Ұмай анадан көмек сұрайды. Ақыр соңында тілегі қабыл болған үйден зұлымдық қашып, бала толықтай сауығады.