Қазақстанның ІТ саласындағы экспорты 223 млн долларға жетті

Қазақстанның ІТ саласындағы экспорты 223 млн долларға жетті

Алдағы уақытта Өзбекстанның Самарқанд қаласында ірі ІТ хаб құрылуы мүмкін. Оған Қазақстан барынша қолдау көрсетуге дайын. Қазірдің өзінде бауырлас елге бірнеше ақпараттық-технологиялық өнім экспортталады.

Өзбекстан Қазақстанның ІТ саласындағы тәжірибелерін енгізуді бастап та кетті. Қазақстандық мамандар әзірлеген көлік қозғалысын бақылап, ереже бұзғандарды анықтайтын ақылды жүйе Наманған қаласында жұмыс істеп тұр. Жоба жетекшілері жергілікті әкімдікпен тиімді шарт жасасқан. Таяуда ел астанасы Ташкентте отандық құрылғылар орнатыла бастады.

Саидалихон Хакимов, қазақстандық жоба өкілі:

- Орталық кеңсеміз Қазақстанда. Ташкентте 4 нысанға қондырғыларды орнаттық. 2023 жылы тағы 10-нан аса мекемеден тапсырыс түсіп жатыр.
Сонымен қатар Қазақстан Өзбекстанға онлайн ипотека, проактивті мемлекеттік қызмет және банк жүйесіндегі озық технологиялар сияқты өнертабыстарын ұсынып отыр.

Ерлан Ерболатов, жоба жетекшісі:

- Жүйеміз сертификаттау талаптарынан өтті. Барлық стандартқа сай. Экспортқа шығарылып жатыр. Наманғанда 18 бейнабақылау кешені орнатылды. Алдағы уақытта басқа да елдің нарықтарына шығамыз. Кезекте Тәжікстан бар.

Айта кетейік, 2018 жылдан бері еліміз 223 миллион доллардың айти өнімін шет елдерге экспорттаған.