Уақыт өтіп, заман мен адам өзгерсе де, дәстүр – мәңгілік. Ұлттық кәсіп түрлерін көздің қарашығындай сақтап келе жатқан шеберлер елордада өз еңбектерін ұсынды. Киіз басу, гобелен тоқу, қыштан бұйым жасау және тері өңдеумен айналысатын қолөнершілер «Дәстүр мен уақыт» атты бірегей көрмеде бас қосты.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған өнер иелерінің туындылары шамамен 1 ай көлемінде Ұлттық музейдің көркін келтіріп тұрады. Сондай-ақ, талғампаз көрермен назарына біртұтас композицияда орындалған және гобелен шеберлерімен бірлесіп жасалған дәстүрлі «құрақ» және киіз үйдің керегесін өңдеуге арналған жұмыс үстелінің инсталляциясы ұсынылды.
Венера Бейісбекова, қолөнерші:
– Осы көрмеге біз үлкен-үлкен жаңа стильдегі жұмыстарымызды алып келіп отырмыз. Ол жұмыстарда ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрімізді кіргіземіз сол жұмысқа, қазіргі өскелең ұрпаққа тәрбие беретіндей етіп. Әрбір жұмыс өзінше бір сөйлейді. Әрбір жұмыстың тәлім-тәрбиелік мағынасы бар.
Шайзада Тохтабаева, тарих ғылымдарының докторы:
– Мені ерекше қуантқан жайт - біздің ұлттық өнердің дамып келе жатқандығы. Жалпы, қазақ халқының сәндік қолданбалы өнері өте қызықты, бай. Онда киіз басу да бар, кесте тігу өнері де бар. Осының барлығын жас өнерпаздарымыздың иемденіп, сол технологияда, сол ою-өрнектерді өз жұмыстарында қолданып жатқандықтары қуантарлық жағдай.