Атамекеннен алыс жүрген қандастар ұлттық дәстүрді көздің қарашығындай сақтап келеді. Ұлыстың ұлы күні міндетті түрде дайындалатын наурыз көжені де ұмытпайды.
Лондонда тұратын Бәдиға Саваш Ұлыстың ұлы күнінің басты тағамын өмірінде алғаш рет дайындауда. Ұлыбританияға Түркиядан көшіп келген қазақтар арасында бұл дәстүр кең тарамаған. Мұнда жылқы еті жоқ, қазы-қарта табу тіпті қиын. Оның орнына Бәдиға ханым ағылшындар кеңінен пайдаланатын қозы етін және алты түрлі дән қосты. Қырғызстаннан жеткізілген құрт та астың дәмін келтіргендей.
Бәдиға Саваш, Лондон тұрғыны:
- Мен «наурыз көже» дегенді естігенде қиын деп ойлаушы едім. Алайда ешқандай қиындығы жоқ екен. Енді алдағы уақытта наурыз көжені жыл сайын дайындайтын боламын. Көже дәмді болды. Қонақтарға ұнады.
Бағдат Дускинова, Лондон тұрғыны:
- Шетелде жүрген қазақтар бір-бірімізді, дәстүрімізді, ұлттық тағамымызды сағынамыз.
Саваштар отбасы – қым-қуыт заманда Алтай өңірінен Түркияға, одан кейін Ұлыбританияға қоныс аударған қазақтар. Лондонда тұрып жатқандарына 40 жылға жуық уақыт болған. Отағасы Әбдісәлім Саваш – жергілікті қазақ диаспорасының төрағасы. Оның айтуынша, Лондонда өздері сияқты 40-қа жуық қазақ отбасы тұрады. Бір дүйім жұрт Тәуелсіздік күні, Наурыз, Айт сияқты мемлекеттік, ұлттық және діни мерекелерді бірге тойлауға тырысады.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы