Көшпенділер рухы көрініс тапқан көрме

Көшпенділер мұрасы көпшілік назарында. Астанада қазақ даласының, көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігін суреттейтін «Көшпенділер рухы» көрмесі ашылды. Оған бірқатар отандық және шетелдік танымал фотографтар, қолөнер шеберлері қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі бағыттағы туындыларын ұсынып отыр. Кәмилә Сүлейменованың киізден түрлі бұйымдар жасап, киім тоқумен айналысқанына 5 жылдың жүзі болды. Негізгі мамандығы - экономист. Дегенмен, қолынан шыққан бұйымдар көпшіліктің жоғары бағасына ие болып, сұраныс артқан соң ата кәсібімізге біржола ден қойған.

Кәмилә Сүлейменова, дизайнер:

- Шиыршық – үнемі тоқтамайтын алға жылжуды, бірізділікті білдіреді. Бұл композиция да бекерден-бекер киізден жасалған жоқ. Киіз көшпенді халық өмірінде үлкен маңызға ие. Бала дүниеге келген кезде бірден оны киізге орайтын болған. Ары қарай бүкіл өмірінде де осы киізді қолданып келді. Ол жылулықтың әрі қорған болудың белгісі. Осылайша, өмір шиыршығы деген композиция – ұрпақтар сабақтастығына арналды. Бұл атадан балаға мирас болып қалған асыл қазынамыз.

Көшпенділер рухы дәріптелетін көрме 8-13 қыркүйек аралығында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қонақтарына да тарту-таралғы, кәдесыйларын ұсынбаққа әзір. Осыған орай, көрме есігі қыркүйек айының соңына дейін ашық.

Әлішер Тұрсын, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының ресми өкілі:

- Қазіргі өтіп жатқан бұл көрме бұл – Қазақстанның әртүрлі суретшілерінің көшпенді өмірдің қандай екенін, номадизмнің қандай екенін көрсетіп, сол арқылы, біз, өзіміздің отандық әріптестердің де, шетелдік мамандардың назарын тағы да өзіміздің Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына, көшпелі мәдениетке, көшпелі өркениетке аударғымыз келеді.