Шетелден жеткізіліп жатқан коронавирусқа қарсы вакциналардың бағасы қымбат. Сенаттың кезекті отырысында депутаттар осындай пікір білдірді. Жоғарғы палата өкілдерінің келтірген мәліметтеріне сай, екі компонеттен тұратын «Hayat-Vax» – 62,2 доллар, «Спутник V» – 26 доллар, ал отандық QazVac 9,4 доллар шамасында тұрады. Осы орайда халық қалаулылары шетелдік вакцинаны сатып алу қазақстандық екпе өндірісіне кері әсер ету тәуекеліне қатысты сұрақ қойды. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина құны өндірушінің өзі қойған бағамен белгіленгенін атап өтті. Ол қысқа мерзімде ел нарығында вакцинаның қолжетімдігін қамтамасыз ету және адамдарға таңдау жасауға мүмкіндік берудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар министр препараттар шығаратын отандық өндіріс алаңдарының жұмысына қатысты түсінік берді.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазіргі кезде өндірістік қуаттар вакцина шығаруға қайта бағдарланды. Бұл өндірістік алаңдар онкологиялық әрі басқа да ауруларды емдеуге арналған биологиялық препараттарды шығарады. Сондықтан зауыттардың жабылу мәселесі болмайды. Барлық зауыт көпфункциялы және препараттардың кеңейтілген тізбегін өндіреді. Вакциналаудың өзі бірреттік акция емес, екпе жасау тұрақты жүргізіледі. Бізде 20-дан астам вакцина жыл сайынғы екпе күнтізбесіне енгізілген. Сондықтан елімізде отандық фармацевтикалық индустрияны дамытуға ауқымды әлеует бар.