Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.
Қазіргі таңда Қазақстанда, әсіресе, «қызыл аймаққа» кірген Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Батыс Қазақстан облысында коронавируспен сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Алматы, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында ауырғандар саны өсуде. Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,1-ді құрайды. Жұқпалы аурулар ауруханаларының толуы 24%, реанимациялық төсек орындарының толуы 16% құрайды. Өткен тәулікте КВИ +954 жағдайы және КВИ -7 жағдайы тіркелді.
Елімізде ресейлік вакцинаны шығару жолға қойылды және отандық вакцина да тіркелетін болады. Халықты вакциналау ақпан айында басталды. Қазіргі уақытта 95 мыңнан астам адамға вакцина салынды. Бірінші болып медицина қызметкерлері, содан кейін педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлеріне вакцина салынды. Вакцина алғандардың барлығының жағдайы жақсы, препараттың қалыпты төзімділігін және жағымсыз реакцияның жоқтығын көрсетті. Сәуір айында вакцина алатындардың саны, оның ішінде аға буын өкілдері арасында айтарлықтай артады.
Үкімет басшысы вакцина алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету және жаппай егу пандемиямен күресте басты міндет екенін атап өтті.
«Вакциналау халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастыруға және инфекцияның одан әрі таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Дәл осы фактор пандемиямен күресте, сондай-ақ экономикалық өсімді қалпына келтіруде аса маңызды», – деді А. Мамин.
Вакцина салынатындар санын ұлғайту мақсатында Премьер-Министр вакцинаны сақтау және тасымалдау үшін қажетті жағдайлары бар егу кабинеттерін қосымша ашуды, азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Әкімдіктердің сайттарында вакциналау, оның пайдасы, егу пункттерінің мекенжайлары туралы толық ақпарат жоқ. Халық арасында вакциналаудың маңыздылығы туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін жұртшылық пен медицина қызметкерлері арасында семинарлар ұйымдастыру қажет», – деді А. Мамин.
Денсаулық сақтау министрлігіне осы жылдың наурыз айының соңына дейін егу пункттерінің дайындығын бақылау және вакцинаның қажетті мөлшерін уақытылы жеткізуге қатысты барлық мәселені шешу тапсырылды.
Өңірлердің әкімдіктеріне халықтың, әсіресе ұжымдарда және білім беру ұйымдарында шектеу шараларын сақтауын қамтамасыз ету, адамдар көп жиналатын ойын-сауық іс-шараларын өткізуге жол бермеу, ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту және тәртіп бұзушыларды қатаң жауапкершілікке тарту тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ауру ошақтарында жедел шара қолданып, шектеу шараларын қайта қарау тапсырылды.
«Науқастармен байланыста болған барлық адамдарға коронавирусқа тестілеу міндетті түрде жүргізіліп, олар бақылауда болуы керек. Бұл ретте күнделікті жүргізілетін ПТР-тестілеу деңгейі төмендемеуі тиіс», – деді А. Мамин.
Ақпарат көзі: ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі