Қазақстандық QazVac Швейцарияда тіркелуі мүмкін. Мұндай пікірді Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья білдірді. Оның айтуынша, отандық вакцинаға шетелдіктер қызығушылық танытып, еліміздің Сыртқы істер, сауда және интеграция министрліктеріне ұсыныстарын жеткізген. Швейцариялықтар өзара әріптестік орнатып, QazVac-ты Африка, Латын Америка елдеріне шығаруға септігін тигізуге ниет танытып отыр.
Андре Пардо, Фармкомпанияның Еуропа бойынша вице-президенті:
- Президенттеріңіз жариялаған жаңа экономикалық шаралар экономиканың тұрақтылығы мен бәсекелестігіне және қалыпты өсімге әкеледі деп санаймын. Ал бұл денсаулық сақтау саласына көбірек инвестициялауға мүмкіндік береді. Қазақстан халқының денсаулығы мен дәулетін жақсарту үшін бірлесіп заманауи, қолжетімді және жоғары сапалы дәрі-дәрмек шығара аламыз. Вакцинаны ойлап тауып шығарғандарыңыз және оны азаматтарыңыздың алып жатқаны өте маңызды.
Айта кетейік, қазір қазақстандық екпені дельта штамына қарсы бейімдеу қамында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетілдірілген соң ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркелуі қажет. Жақында халықаралық ұйым өкілдері осы төңіректегі іс-шаралар және Жамбыл өңіріндегі вакцина шығару зауытының жұмысымен таныспақ. Кейін ресми тіркеу туралы нақты жоспар әзірленеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов