Түркияның балалар хирургтары қазақстандық әріптестеріне түрлі ауруларды емдеу жолдары мен тың тәсілдерін көрсетіп, тәжірибе алмасуда. Шеберлік сабақтары елордадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы базасында өтуде. Шара барысында небәрі 3 күнде бірнеше науқасқа ота жасау жоспарланған. Балалар шетелде емделуге мәжбүр болатын, бірақ аталмыш шеберлік сабағының арқасында оларға туған жерінде тегін ота жасалмақ. Науқастардың бірі 15 жастағы жеткіншек Диас Ақылбайда бауыр эхинококкозы анықталған. Бұл бірте-бірте органға әсер ететін паразит хирургиялық араласусыз емделмейді.
Наурызгүл Масығұтова, ата-ана:
– Бауырында киста өскен. Оны УЗИ арқылы анықтадық Көкшетау қаласында. Сосын астанаға жолдама алып, осында келіп естідік мастер класс өтеді деп. Барлығы тегін, біздің государствомыздың арқасы осы больницада болады деп. Толқып тұрмын. Оратор едім, қазір енді айта алмай тұрмын. Алғыс айтқым келеді Түркі ағайындастарымызға. Сәттілік!
Егер бұрын мұндай операция кесіп жасалса, жаңа технологиялардың арқасында бала бауырындағы паразит тесу арқылы алынып тасталды.
Ринат Байгиреев, №2 КҚБА хирургия қызметінің жетекшісі:
– Батыс медицинасында іштің алдыңғы қабырғасын тесу арқылы, яғни кесусіз хирургиялық емдеуді жүзеге асыруға баса назар аударылады. Тиісінше, бұл балалар үшін тиімді.
Бурак Тандер, Аджибадем клиникасының балалар хирургы, Түркия:
– Қазақстанда нейрохирургияны дамытуда осындай тәжірибе алмасулар өте маңызды. Мұндай шеберлік сыныптарының барысында біз өз білгенімізді үйретсек, қазақстандық мамандар өз емдеу жолдарын бізге көрсетеді. Кейін жаңа әдістерді де ойлап табуға болады. Мәселен, Түркияда сирек, бірақ Қазақстанда көп кездесетін диагноздармен кең танысып, оны емдеу жолдарын үйрендім.
Мұндай бірегей ынтымақтастық екі ел арасындағы меморандумның арқасында жүзеге асып отыр. Айта кетейік, енді мұндай шеберлік сабақтары №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы базасында тұрақты түрде өтіп тұрады. Оқу-жаттығу кезінде орындалатын операциялар жыл соңына дейін жоспарланған. Осылайша тағы ондаған балаға дені сау өмір сүруге мүмкіндік жасалады.