Қазақстанда ағза донорлығы жүйесі дамып келеді

Қазақстанда ағза донорлығы жүйесі дамып келеді

Қазақстанда ағза донорлығы мен трансплантологиясы дамып келеді. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі осы бағыттағы тың деректермен бөлісті. Қазір ел аумағында 40 астам донорлық стационар және 7 транспланттау орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері республикада 150-ге жуық орган алмастыру отасы жасалды. Дегенмен, донорлық органдарға деген өткір қажеттілік әлі де бар. Бүгінде күту парағында 4 мыңнан астам адам тұр. Олардың 120 - бала. Денсаулық сақтау министрлігі қайтыс болғаннан кейінгі ағза доноры болуға келісімді немесе бас тартуды тіркеудің цифрлық тетіктерін электрондық үкімет порталындағы өтініш арқылы жетілдіріп жатыр. Айта кетейік, Қазақстанда 18-65 жас аралығындағы азаматтар әлеуетті донор бола алады. Бұл он миллионға жуық адам.

Назгүл Жангелдина, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының м.а:

- Биыл 131 ықтимал донор анықталды. Өкінішке орай, олардың тек оны ғана егов порталы арқылы ағза доноры болуға өз келісімін берді. Біз бұл көрсеткішті соңғы 3 жылмен салыстыратын болсақ, мәселен 2023 жылы 33 мың азамат осы мүмкіндікті пайдаланса, қазір 134 мың адам тіркелген. Олардың 10 мыңы донор болуға келісіп, 122 мыңы бас тартты.  Яғни, осы үш жыды қарасақ, өз еркімен келісімін білдіргендер қатары үш есе артты.  

Ақпараттық жұмыстармен қатар трансплантология саласында халықаралық ынтымақтастық, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу жүргізілуде. Биыл Астанада донорлық органдарды адам денесінен тыс 24 сағатқа дейін сақтауға мүмкіндік беретін жабдықтар шығаратын зауыт құрылысы басталды. Бұл адам ағзасын алмастырудың тиімділігін едәуір арттырады және органдарды елдің кез келген өңіріне, тіпті одан тысқары жерлерге жеткізуге мүмкіндік береді. Бірегей жоба қазақстандық инвесторлардың қолдауын тапты. Кәсіпорынның Орталық Азияда баламасы жоқ.

Қайрат Иманбаев, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың донорлық органдарды үйлестіру және бөлу департаментінің басшысы:

- ӘЛЕМ атты әзірлеме біздің үлкен жетістігіміз. Менің ойымша, бұл ісімізді алға бастайтын техникалық бағыттардың бірі. Трансплантат-орталықтарға неғұрлым тезірек жеткізілсе, органды алмастыру мүмкіндігі соғұрлым тиімдірек болады. Мәселен жүрек - 4 сағатқа дейін, бауыр - 6 сағат, бүйрек - 12 сағат сақталады. Сәйкесінше, осы уақыт аралығында ота жасап үлгеруіміз керек. Бұл құрылғы бұған мүмкіндік береді. Қажет болғанда біз санитарлық авиацияны іске қосамыз. Бұл аппараттар суық ишемия кезеңін азайтуға көмектеседі.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?