«Қорғас» ШЫХО сауда-экономикалық әлеуеті артуда

«Қорғас» ШЫХО сауда-экономикалық әлеуеті артуда

Қазақстанның Жетісу облысы мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы бірлесіп трансшекаралық туристік аймақ құрмақ. Тиісті келісімді өңірлер «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін үйлестіру жөніндегі бірінші отырысында жасасты. Жиында өзге де бірлескен жобалар легі талқыланды.  Мәселен «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аумағында қытайлық және неміс инвесторларының қатысуымен индустриялық парк және әуежай салу жоспарлануда. Сондай-ақ өзара сауданы дамыту қамында агроөнімдерге арналған карантиндік зертхана салынып жатыр. Ол екі ел арасында ортақ стандарттар енгізуге ықпал етпек.  Ал оның сертификаты қос тарап үшін де бірдей  жарамды болады. Нысанды келесі жылы іске қосу межеленген.

Дамир Қадыр, «Қорғас» ШЫХО басқарушы компаниясы төрағасының орынбасары:

- Біздің кәсіпкерлеріміз мал және өсімдік өнімдерін экспорттау кезінде кейбір мәселелер туындайды. Өйткені бал мен ет және сүт сияқты өнімдер сертификаттауды талап етеді. Сондықтан зертхана құру туралы бастама осы үлкен мәселені шешуге сеп болмақ. Яғни, Қытай Халықтық Республикасына отандық кәсіпкерлердің өнімдерін  кедергісіз жеткізуге мүмкіндік береді.

Орталыққа инвестициялар ағыны өсуде. Қазақстандық тараптан салымдардың көлемі 250 млрд теңгені құрады. Іске асырылып жатқан жобалардың саны да арттып келеді. Қазір олардың саны 40 асты. 2 жыл ішінде 240 млрд теңгенің тағы 34 жобасын жүзеге асыру жоспарланған.

Жеңіс Ермұқанов. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?