Азия даму банкі Қазақстан экономикасының ағымдағы жылға өсімін 3,4% деңгейінде болжады. Қаржы институтының жаңартылған есебінде еліміздің жалпы ішкі өнімі 1,5% жақсартылған. Бұл тұтынушылық шығындардың өсуімен байланысты. Өйткені қаңтар мен сәуір аралығында бөлшек тауар айналымы 6,2% ұлғайған. Азия Даму банкінің мәліметінше, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс салалары 7% артық өсім көрсеткен. Тау-кен өндіруден басқа бағыттардағы инвестициялардың ауқымы да 25,5% артып отыр.
Геннадий Рау, АДБ-нің Қазақстандағы өкілдігінің экономисі:
- 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,4%, 2022 жылы 3,7% деңгейінде жоспарланып отыр. Бұл Қазақстан экономикасының коронакризистен кейінгі қалпына келуімен байланысты. Қазір бүкіл әлемде шикізатқа сұраныс артып мұнай құны өскен. Сондай-ақ инфрақұрылымдық және өңдеу секторындағы жобаларға мемлекеттік бағдарламалардың да оң әсері бар.
Айта кетерлігі, Азия даму банкі Орталық Азия елдері үшін биылғы экономикалық болжамын жақсартқан. Ол 4,1% тең. Биылғы жылдың сәуірінде ол 3,4% деңгейінде болжанған еді. Бұл Армения, Әзербайжан, Өзбекстан және Грузия елдеріндегі өсім ықтималдылығымен байланысты, -дейді сарапшылар.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов