Көктемгі егін науқаны аясында 1,4 миллион гектардан астам жер егілді

Республикада көктемгі дала жұмыстары аясында бір жарым млн гектардан астам жерге тұқым егілді. Оңтүстік өңірден басталған науқанға еліміздің батыс және шығыс аймақтары қосылды. Сала министрлігінің дерегінше, биыл жалпы көлемі 23 жарым млн гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын  егу  жоспарланған. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, жемшөп дақылдарының, сондай-ақ қант қызылшасының егіс алқаптарын ұлғайту көзделген. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар күнбағыс, көкөніс-бақша, картоп және қарақұмық алқаптары кеңейе түспек. Жалпы, «Кең-дала» бағдарламасы бойынша көктемгі науқанды қаржыландыруға 140 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы шамамен 2 млн гектар алқапты егу  және жинауды қамтамасыз етуге бағытталады. Қазіргі уақытта елімізде жер емген шаруаларға 133 млрд теңге төленді.