Сенат биологиялық материал алмасу туралы келісімді мақұлдады

Қазақстан жаһандық биологиялық материал алмасу желісіне қосылады. Сенат тиісті халықаралық ынтымақтастыққа қатысты заңды мақұлдады. Келісім еліміздің ұлттық зерттеу мекемелеріне бірегей үлгілерге қол жеткізуге және жетекші әлемдік зертханалармен бірлескен сараптамалар жүргізуге мүмкіндік береді. Басты шарт биоматериал коммерциялық мақсаттарда қолданылмауы тиіс. Оны алушы арнайы қорғау жүйесі бар зертханаларда диагностикалық, мониторингтік және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында ғана пайдаланады.

Кез келген зерттеудің нәтижелері туралы өнім берушіні жан-жақты хабардар етуі міндеттеледі. Осылайша құжат биологиялық материалды тиімді әрі қауіпсіз алмасуға құқықтық негіз жасап, ғылыми әзірлемелер сапасының артуына ықпал етеді.   

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Келісім жануарлардың инфекциялық ауруларының таралуына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда,  тараптардың аса қауіпті аурулардың таралуының алдын алу, анықтау, жолын кесу жөніндегі бірлескен іс-шаралары қарастырылған. Мақұлданған заң келісімге қатысушы елдер арасында ветеринария саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз.