«ҚХП» фракциясының депутаттары халықтың табысын арттыру бағдарламасын сынға алды

Парламенттің төменгі палатасының депутаттары 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын сынға алды. Үкімет мүшелеріне жолдаған депутаттық сауалда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа стратегия әзірлеудің маңызы көтерілді. Олардың пікірінше, ең алдымен осы бағыттағы құжаттардың қайталанған баламасы болуына жол берілмеу керек.  Яғни, оны құруға экономика, еңбек қатынастары және басқа да салалардан жетекші ғалымдар тартылып, ғылыми негіздемесі болуы тиіс. Үшіншіден, құжат көпшілікке таныстырылып, бұқараның кең талқылануына түсуі қажет. Депутат Айқын Қоңыров, заңды қабылдауда көптің қалауы мен ұсынысы барынша ескерілуі керектігін баса айтты. Пікірінше, бағдарламада қазақстандықтар үшін табыстың қандай деңгейі қолайлы және еңбекақыны еселеудің жолдары айқын көрініс табуы тиіс. Сондай-ақ, орта тап өкілдерін айқындайтын нақты критерийлер белгілеу қажет.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

–  Іс жүзінде біз тек бизнесті қолдау, жұмыспен қамтамасыз ету, әрбір сала мен өңірлерді дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалық құжаттардан жинақталған сілтеме құжатын алдық. Түрлі секторлар мен салалар бойынша халықтың табысына, жалақының төмен болу себептеріне, кәсіпкерлік кірістерге, қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасында пайданы бөлудің көрінісіне нақты талдау жасалмаған. Бұл  бағдарламада еңбекақысы жоғары бағаланатын, өнімділігі жоғары болатын салаларға қарай экономиканы қайта бағдарлау тетігі жоқ. Нәтижесінде біз 2025 жылға қарай бағдарламаның көздеген жоспары сәтті орындалалды деп мемлекеттік органдар есеп беретініне сенімдіміз.  Іс жүзіне келгенде  халықтың нақты қолда бар табысы шамалы өскенін көреміз.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов