Ат құлағында ойнаған нағыз батырлар анықталды. «Ұлы дала рухы» фестивалі мәресіне жетті. Республикалық фестиваль тамыз айының соңында басталған. Содан бері еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Оған 7 мыңнан аса адам қатысты. Нәтижесінде іріктеуден үздік шыққандар елордада бас қосып, өзара мықтыны анықтады.
Бұл фестиваль екі жылда бір ұйымдастырылады және биылғы бәсеке Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұқанның 150 жылдығына арналды. Фестивальдің жабылуында жамбы ату мен теңге ілуден республикалық турнирде топ жарған спортшылар марапатталды.
Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:
- Жамбы ату федерациясының президенті Нұрлан Әметов мырза арнайы темір тұлпар мінгізді. Біз де қауымдастық атынан темір тұлпар атадық. Сол кезде біздің спортшыларымыздың көзі бұрынғыдан да қаттырақ жанып, жарысқа ерекше ыждахатпен, ықыласпен кірісті. Фестиваль үлкен табыспен өтті. Келесі жарыстарда жамбы атудан нағыз мергендер, теңге ілуден нағыз сайыпқырандар бой көрсететініне күмәнім жоқ.