Қазақстандық кинотуындылар Өзбекстан төрінде. XIII рет өткізілетін «Жібек жолының маржаны» атты халықаралық кинофестиваль аясында бұқара халық назарына «Әміре», «Аманат», «Анаға апарар жол» сынды отандық фильмдер ұсынылады. Қазақстандық делегацияны Азамат Сатыбалды, Нұржұман Ыхтымбаев, Самал Есләмова сынды танымал актерлер бастап барады. Сонымен қатар «Әлемдік кино күндері» аясында отандық актерлер жас кинематографтармен кездесіп, шеберлік сағаттарын өткізеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, кинофестиваль қыркүйектің 28-і мен қазанның 3-і аралығында өтеді.
Зухритдин Режаметов, актер:
- Қазақстандық кино жайлы айтар болсам, соңғы уақытта бұл сала сіздерде қарқынды дамыды. Мен көптеген актерді, шығармашылық топ мүшелерін танимын. Бауырлас елдегі киноиндустрияның жақсы дамып келе жатқанына қуаныштымын. Олардың туындылары осы кинофестивальге қатысатын көптеген мемлекеттің фильмдерінен ерекше болады деп сенемін.