Қазақстандық сарбаздар «Танк биатлонында» үшінші орын алды. Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында өткен халықаралық әскер ойындарының ақтық сынына біздің елімізден бөлек Әзербайжан, Қытай және Ресейдің танк экипаждары шықты. Ел үмітін ақтаған қазақстандық танкішілер барлық нысананы дәл көздеп, қырағылық танытты. Алайда сайыста Ресей мен Қытайдың бәсі басым болды.
Айта кетейік, биыл «Танк биатлонына» 19 команда қатысты.
Жаннұр Жұмабаев, механик-жүргізуші:
- Біздің жарысымыз өте ауыр болды. Трассаның қолайсыздығынан танкінің жылдамдығын дұрыс көрсете алмадық. Бірақ көздеуші операторлар және командир танкіміз барлық мишеньге тигізіп, бізге көмектесті. Бапкеріміздің қойған талаптарын орындадық.
Әмір Халықов, ҚР Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы:
- Біздің команда бұл жарысқа өте жақсы дайындалды. Ойын барысында оң нәтиже көрсете білдік. Шынымен жүлделі бірінші орыннан үмітті едік. Дегенмен барымызды салдық, әсіресе атудан жақсы нәтиже көрсеттік.