Қазақстанда 2023 жылдан бірыңғай түсті мектеп формасы енгізілуі мүмкін

Қазақстанда 2023 жылдан бірыңғай түсті мектеп формасы енгізілуі мүмкін. Қазір бұл ұсынысты ата-аналар, мұғалімдер және орта білім беру ұйымдары қызу талқылап жатыр. 

Жомарт Қарамбаев, ҚР БҒМ комитеті төрағасының орынбасары:

– Жекелеген әкімшілік аумақта мектеп формасының бірыңғай түсіне қатысты өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс түсті. Оқушыларға арнайы киім сатып алу кезінде бұл қызметті көрсететін қандайда бір  өндірушіге басымдық берілмеуі тиіс. Ата-аналар балаларына еркін түрде қалауына сай мектеп формасын сатып алу үшін таңдау болуы қажет.

Әзірге жаңа оқу жылында қазақстандық білім ордаларында осыған қатысты қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады. Қара, күрең немесе ала түсті костюм аламын десеңіз өз еркіңіз. Бастысы ол классикалық стилде жасалса болғаны.

Мәселен, Шынарай Жанжігітова  6-сыныпқа көшкен ұлы Асылжанды кезекті оқу жылына дайындауға еш қиналмағанын айтады.

Шынарай Жанжігітова, көп балалы ана:

– Мен ұлыма қысқы және күзде күн жылыда мектепке киетін екі шалбар мен бір ақ көйлекті таңдадым. Бағасы және киімдердің сапасы өте жақсы, көп адамдардың қалтасы көтере алады. Ата-ана ретінде мектеп формасы өте қажет деп ойлаймын.

Асылжан мектепке киімді елордалық дүкендердің бірінен алды. Компанияның Петропавлда жеке тігін фабрикасы бар. Кәсіпорында мектеп оқушыларына арналған 300-ге жуық киім түрлері шығарылады.

Әскер Башеев, компаниялар тобының бас директоры:

– Бала тыныс алуын қиындататын, ауа өткізбейтін киіммен жүрмеуі керек. Өйтпесе, тоңып қалады. Яғни, сапалы әрі денеге жайлы болғаны дұрыс. Сондықтанда біз өндірісте тек сапалы материалдармен, заманауи техникалық шешімдерді қолданамыз.  

Зауыттың мектеп формасын тігуге бейімделгеніне 6 жыл болған. Өнімдерінің дені елордадаға жіберіледі. Елдегі орташа бағамен өткізіледі. Мәселен, бес пен сегізінші сынып шәкірттеріне арналған киім үлгілері 18 бен 30 мың теңге шамасында сатылады. Бір апта бұрын сауда қыза түскен. Тамыздың ортасына қарай сұраныс тіпті еселене түседі. Кәсіпорын өкілдері тұтынушыларды барынша қанағаттандыруға қауқарымыз жетеді дейді.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов