Үкіметтің алдында осындай міндет тұр. Осының қамында азаматтардың жеке ісін ашу және дамыту жөніндегі бастамаларын барынша қолдауға басымдық берілмек. Мәселен, әкімдіктер бизнес ашу және оны жүргізуге тиімді жағдай жасау үшін жол, электр энергиясы, су, жылумен жабдықтау сынды бизнеске қажет инфрақұрылым мәселелерін уақытылы шешу керек. Бизнестің үлесін арттырып, іргесін кеңейту ең алдымен қосымша жұмы орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл орайда әрбір 10 мың адамға шаққанда 100 жұмыс орнын құру көзделген.
Еске салайық, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ үлесі 36% артып, жұмыс істеп тұрған нысандар саны 1,8 млн жетті. Нәтижесінде салада жұмыспен қамтылғандар саны 4 млн адамнан асып жығылды. Былтырдың қорытындысы бойынша Алматы қаласы алда тұр. Сондай-ақ, елорда, Шымкент, Түркістан мен Қызылорда өңірлерінің бұл көрсеткіші көш бастап келеді. Өткен жылы мемлекеттік қаржылай қолдау құралдары аясында отандық кәсіпкерлердің жалпы құны 1 трлн теңгеге жуық несинің 24 жарым мың жобасы субсидияланды. Бұдан басқа, шағын және микрокәсіпкерлік нысандарында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 3 млрд теңгеден астам сомаға 800-ден астам грант берілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің желісі тағы бір қолдау шарасы – жастарға жылдық 2,5% мөлшерлемемен өтеусіз мемлекеттік грант пен шағын несие беру. Бұл мақсатқа 41 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.