Қазақстанның Екібастұз қаласында ферроқорытпа, болат және темір өндіру зауыттары салынады. Сонымен қатар 75 млрд теңге инвестиция құйылатын локомативтерге арналған бандаждар өндірісі жобасы басталмақ. Ел Үкіметінде моноқалаларды дамыту мәселесі қаралды. Жиында еліміздегі осындай шағын шаһарлардағы ірі кәсіпорындар айналасында шағын кәсіпорындар белдеуін құру және олармен ұзақмерзімді оффтейк-келісімшарттар жасасу міндеті заңмен бекітілетіні айтылды. Бұған дейін бұл жұмыс ерікті негізде жүргізілгенін айта кету керек. Қазір бұл ретте ірі тапсырыс берушілер мен отандық өндірушілер арасында 24,5 млрд теңгеге 20 ұзақмерзімді шарт және 47,3 млрд теңгеге13 оффтейк-келісімшарт жасалған.
Сондай-ақ, Алтай, Балқаш, Жітіқара, Лисаков, Риддер, Степногорск қалаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарлары бекітілді. Осының нәтижесінде өнеркәсіп, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдық нысандарын салуға 456 млрд-тан астам теңгеге 326 іс-шара көзделген. Жалпы еліміздегі моноқалаларды жетілдіруге биыл 63 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталмақ.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,4 млн халқымен 20 моноқала бар. Моноқалалар елдің өнеркәсіптік өндірісіне айтарлықтай үлес қосатынын атап өткен жөн. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елдің өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 40% осы қалаларға тиесілі. Қала құраушы кәсіпорындардың болуы және олардың тұрақты жұмыс жасауы моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді. Бүгінгі күні моноқалаларда мұнай-газ, көмір, боксит, темір кендерін өндіру және басқа да бағыттарда 23 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейді.
Сонымен қатар Моноқалаларды дамытуға қосымша инвестиция тарту мақсатында геология саласында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Оның қорытындысы негізінде моноқалалар маңында болжамды құны 1 трлн теңгеге ресурстар табылды. Болашағы зор учаскелер Абай, Курчатов, Балқаш және Алтай қалалары маңында орналасқан.