Қазақстан мен Әзербайжан арасында сауда айналымы 6 есе артып, 300 млн доллардан асып жығылды. Сарапшылар мұны екі ел арасында экономикалық байланыстардың нығаюмен түсіндіріп отыр. Қазақстан бұл елге мұнай мен мұнай өнімдерін, құрыш, металл бұйымдарын, теміржол техникасын, локомотивтер мен бидай экспорттайды.
Ильгар Велизаде «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі: – Былтыр бизнес-форумдар өткізілді. Бұл сауда-экономикалық қатынастардың дамуына жақсы әсер етті. Атап айтар болсақ, тауар айналымы жақсы дами түсті. Осы форумдар аясында химия өнеркәсібі өнімдерін, металдар және азық-түлікті жеткізуді қарастыратын маңызды келісімдерге қол қойылды.
Бүгінде Әзербайжан импортындағы Қазақстан үлесі 5 процентке тақап қалды. Тауардың 105 түрін жеткізеді. Транскаспий бағдарын дамыту қажеттілігі артқандықтан, қос ел мультимодалды тасымал көлемін ұлғайтуға тырысып келеді.
Ильгар Велизаде «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі: – Қазақстанда бірқатар әзербайжандық кәсіпорын жұмыс істейді. Олар екіжақты тауар айналымын ынталандырып келеді. Оған қоса, биыл өткен үкіметаралық комиссия тараптар алдына өршіл жоспарлар қойып тұрғанын көрсетті. Инвестициялық ынтымақтастық, түрлі салаларда бірлескен кәсіпорындардың құрылуы да тауар айналымының күрт өсуіне әсер етіп отыр.