Халықаралық валюта қоры 2022 жылға арналған жаһандық экономикалық өсу болжамын 3,2 процентке дейін төмендетті. Сарапшылар оның негізгі себептері ретінде коронавирус пандемиясын, ақша-несие саясатының қатаңдатылуын, сондай-ақ әлемдегі қазіргі геоссаяси жағдайды атады. Қаржы институтының алдағы жылға арналған болжамы да төмендетілмек. Жаһандық ЖІӨ өсімі 2023 жылы шамамен 3 процентке дейін баяулайды. Себеп – жоғары инфляция. Онымен күресу «ойлағаннан да қымбатқа түсуі мүмкін» деп ескертті қаржы институты. Оның үстіне, келер жылы рецессия қаупі ерекше жоғары. Атап айтқанда, бүкіл әлемде негізгі пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне байланысты берешегі жоғары елдерге қосымша ауыртпалық түспек.