Франция инвесторларына Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты таныстырылды. Бүгінде елімізде аталған мемлекет капиталының қатысуымен 170-тен аса кәсіпорын жұмыс істейді. Олар біздің экономикаға 18 млрд доллар инвестиция салған. Кездесуде шетелдік инвесторлардың капиталы мемлекет қорғауында екені айтылды.
Жан Ғалиев, Қазақстанның Франциядағы елшісі:
- Жаңа салық саясаты ашық, сондай-ақ кәсіпорындар мен үкімет үшін түсінікті болуы керек.
Ги Сидос, «Vicat» компаниялар тобының бас директоры:
- Жан Ғалиев берген ақпарат біздің алаңдаушылығымызды тарқатты, бизнес-климат қалай дамитынын мәлімдеді. Әкімшілік рәсімдер жеңілдетіліп, шетелдік инвестициялар қорғалатынын жеткізді. Бизнес ортаның жақсаруын асыға күтеміз. Бұл Франция компанияларын жергілікті өндірісті дамытуға қаражат салуға ынталандырады.
Жүздесуде француз компанияларының басшылары Қазақстанда жүзеге асыруға ниетті жобалары туралы сөз қозғады. Инвесторлар жасыл сутегін өндіру мүмкіндігін қарастырып, кәсіпорындардың экологиялық стандарттарын көтеру бағытында жұмыс жүргізуді көздейді.
Ив-Луи Даррикарер, Қазақстан-Франция Іскер кеңесінің тең төрағасы:
- Қазақстан тарапы бізді өз саясатымен таныстырып, дау туғызған мәселелер бойынша уайымымызды сейілтті. Сондықтан негізгі тақырыптан бөлек, алдағы жобаларды талқылауға көштік. Жоспарланған жобалар жөнінде сұрағымыз бар еді. Олар жүзеге асатын болды. Франция инвесторлары Қазақстанмен әріптестігін жалғастыруға ынталы.