Қазақстан мен Германияның сыртқы істер министрлері экономиканың түрлі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады. Елімізге іс-сапармен келген Анналена Бербок пен Мұхтар Тілеуберді Астанада өткен кездесуде қос тарап арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы аясында сенімді саяси диолог пен сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы тұрақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Сондай-ақ, жүргізілген келіссөздер әлеуетті жобаларды анықтауға және өзара тиімді жаңа мүмкіндіктерді дамытуға септігін тигізетінін айтты.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Қазақстан – инвестиция үшін тартымды ел. Былтыр біз шетелдік инвестиция ағынын пандемияға дейінгі деңгейіне оралып қана қоймай, оның 38 процентке арттыра алдық. 21-ші жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар жалпы ағыны 24 миллиард долларды құрады. Бұл – 2020 жылмен салыстырғанда 37 процентке жоғары. Әлемдегі төртінші экономика болып табылатын Германия біздің экономикаға инвестиция салатын алғашқы 10 елдің қатарына әлі кірмеген. Сондықтан Қазақстанның неміс инвесторларымен, кәсіпкерлерімен жұмыс істеу үшін барынша қолайлы жағдай ұсынғанымызға назар аударамыз.
Анналена Бербок, ГФР Сыртқы істер министрі:
- Біз Астанада Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашуды жоспарлап отырмыз. Болашақта бұл бюро біздің елдердің сарапшылары мен жауапты тұлғаларымен алмасу орталығына айналады. Мақсат анық. «Жасыл» сутегінің көмегімен біз өнеркәсіп пен көліктегі шығарындылар көрсеткішін нөлдік деңгейге дейін азайтқымыз келеді. Осылайша біз бірлесе отырып біздің елдердегі адамдардың әл-ауқаты мен дамуын қорғай аламыз.